Арнайы жобаҚыздар

Күнделікті төсемелерді қолдану зиян ба?

Сұрақ: Күнделікті қолдануға арналған төсемелерді қолданудың зияны жоқ па? Мұндай төсемелерді қолдану интимді гигиенаны сақтауды білдіре ме?

Жауап: Алдымен интимді гигиенаға тоқталайын. Жыныстық органдар гигиенасы көптеген  гинекологиялық аурулардың алдын алу үшін қажет.

Жыныстық органдар анатомиясы сондай, жатырдың аузы тік ішекке өте жақын орналасқан. Мұндай орналасу микробтардың жыныстық орган микрофлорасын бұзу ықтималдылығын арттырады. Сондықтан дәретке отырғанда, жуынғанда, сүртінгенде қозғалыс алдыңғы жақтан артқа қарай бағытталуы тиіс. Тік ішектен шыққан микробтардың жыныс мүшесіне қарай өтпеуін қадағалаңыз. Жыныс мүшелеріңізді, үлкен дәретке  отырған соң сүрткенде алдынан артқа қарай сүртуді әдетке айналдырыңыз.

Әсіресе етеккір кезінде интимді гигиенаға мән берген жөн, себебі бұл кезде жатырдың сыртқы қабаты ашық жара іспеттес. Жыныстық органдарды жуған соң сүртудің қажеті жоқ, тек жұмсақ майлықпен суын сорғытып алса жеткілікті.

Үлкен дәретке барған сайын анус төңірегін сабынмен жуу қажет. Жыныс мүшелерін күніне 2 рет жуған жөн. Интимді гигиенаға арналған сабын құрамында қынаптың қышқылдық деңгейін бұзбайтын заттар болуы керек. Менструация кезінде ванна, бассейндерге, жыныстық қатынасқа түсуге болмайды (тіпті тампондардың өздері құтқармайды).

Аса қажеттілігі болмаса күнделікті қолданысқа арналған төсемелерді пайдаланбаған жөн. Себебі кез келген төсемелер құрылымында ауа өткізбейтін қабат болады. Ең озық технологиялар бойынша жасалған төсемелердің жарнамасына сенсек тек, әдетте іш киімге жабыстыратын қабаты барлық төсемелерде бірдей. Бұл төсемелер парник эффектісін тудырады. Оның үстіне төсемелер қынаптан шыққан бөліністер, зәр қалдықтары мен нәжіс жұғындыларын сіңіріп, бактериялардың дамуына қолайлы орта қалыптастырады. Әсіресе теріңіз сезімтал немесе аллергияға бейім болса, төсемелер тазалық сақтаудың оңтайлы әдісі емес. Сондай-ақ ароматизаторлары бар төсемелерді қолданбауға тырысыңыз. Бұл тек күнделікті қолданысқа арналған гигиеналық төсемелерге қатысты. Менструация кезінде әлбетте зиянынан пайдасы басымырақ. Күнделікті жыныс мүшелерінің гигиенасын сақтап, табиғи матадан тігілген іш киім киюге дағдыланыңыз.


Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button