Арнайы жобаҚыздар

Менструалды құтылардың артықшылықтары мен кемшіліктері

Сұрақ: Соңғы уақытта менструалды құты туралы көп естимін. Оның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы айтып беріңіздерші?

Жауап: Менструалды құтылар төсемелер мен тампондардың аналогы. Формасы оймақ тәрізді, тек басы үшкірлеу келген резеңке қалпақшалар. Medwatch FDA жүйесінің көмегімен тіркелген менструалды құтыларды қолдану туралы постмаркетингтік 10 жылдық зерттеу нәтижесі жарияланған. 100 млн құты сатылды, осы уақытта медициналық қызметкерлерден 7 шағым, тұтынушылардан 2 шағым түскен. Олар құтыны шығарудағы қиындықтар, вагиналды инфекциялар, аллергиялық реакцияларға байланысты болған. Алайда менструалды құтыларды қолданудың ауыр салдары туралы ешбір ресми тіркелген жағдай болмады.

Ең алдымен менструалды құтыларды сенімді дүкеннен сатып алуға тырысыңыз (дәріханалардан, ресми сайттардан). Бір қарағанда барлығы бірдей көрінуі мүмкін. Алайда бағасының арзандығы, тауарды өндіруші ел, компанияның атауы материалының нашарлығынан да хабар беруі мүмкін. Екіншіден көлеміне де назар аударған жөн. Менструалды құтылар көлемі әртүрлі болады. Етеккір циклінің әртүрлі кезеңінде әртүрлі мөлшерін пайдалануға болады.

Артықшылықтары:
– Қолдануға ыңғайлы (анатомиялық пішінді), қынап ішінде сезілмейді. Енгізген соң оның бар-жоғы білінбейді.
– Денсаулыққа қауіпі жоқ, гипоаллергенді. Құрамында силикон мен бояғыштардың болмауы өте маңызды. Сондықтан Aliexpress арзан нұсқаларын емес, ресми дүкендерден сатып алған дұрыс;
– Құты тампонға қарағанда көбірек сұйықтық жинайды;
– Құтыны 6-12 сағатта бір рет босатып тұру керек;
– Құтылар гигиена құралдарына жұмсалатын ақшаны үнемдеуге мүмкіндік береді, себебі менструалды құтылардың қызмет мерзімі – 10 жылға дейін;
– Экологиялық. Сіз қолданатын төсемелер кемі 50-70 жылда ыдырайды. 1 Жылдың өзіндеқанша төсеме қолданатыныңызды есептей беріңіз.

Кемшіліктері:
– Қолдануға үйренісу үшін 2-3 цикл қажет. Бастапқыда салу және суыру аздаған қолайсыздықтар тудыруы мүмкін;
– Толған құтыны суыру кезінде ептілік қажет. Байқап, ұқыптылықпен суырмаса жан-жақты былғауы мүмкін.
Қолдану бойынша нұсқаулықтар:
– Бастапқыда құтыны енгізуді жеңілдету үшін сулы негіздегі майлау құралдарын пайдалануға болады;
– Бастапқы кезде құтыны душ қабылдап тұрғанда ваннада алыңыз;
– Менструалды құтыны стерилизациялау үшін қайнап тұрған суға 3 минут салу керек. Етеккір циклінің басында стерилизациялап алсаңыз, қалған уақытта таза сумен жуудың өзі жеткілікті.


Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Ілмектер
Close