Арнайы жобаҚыздар

Олигоменорея – етеккір жұтаңдығы

Сұрақ: Етеккірім сыныптағы қыздардың ішінде маған ертерек келген еді. Бастапқыда келгенде қанның аз болуы дұрыс деді мектептегі гинеколог. Бірақ 3-4 жыл өтті. Қан әлі аз. Бірінші күні ғана прокладка (4-5 сағатта) жартылай толады. Ертеңінде сәл ғана келеді. Етеккірім 2 күнде бітіп қалады. Бұл норма ма?

Жауап: Етеккір кезіндегі қанның өте аз болуы менструалды функцияның толық тоқтау қатерінің болуын білдіреді. Етеккір кезінде қанның аз әрі тым қысқа уақыт болуы олигоменорея деп аталады. Егер етеккір3 күннен де қысқа уақыт келсе, менструалды цикл 40 күн шамасында ұзақ болса, келетін қан мөлшері тым аз болса бұл қалыпты жағдай емес.

Олигоменорея себептерін дөп басып айту қиын. Бірақ негізінен жыныстық мүшенің туа бітті патологиясы, тұқым қуалаушылық, аналық бездер функциясының бұзылуы, қатерлі ісік, гормоналды контрацептивтер, қабыну және инфекциялық аурулар салдарынан туындауы мүмкін.

Жалпы алдыңғы сұрақтардың бірінде де айтқан едім, менструалды циклдің өзі тұқым қуалайды. Яғни қыздардың етеккір сипаты аналардікіне ұқсас келеді. Сондықтан олигоменореяның диагностикасы кезінде отбасылық анамнезді және сырқат анамнезі талданады. Толық гинекологиялық тексеру жүргізіліп, базалды температура өлшенеді, сальпингогистероскопия, трансвагиналды ультрадыбыстық зерттеу, инфекциялық аурулардың ПЦР диагностикасы жасалады. Олигоменорея емделеді. Білікті гинекологқа қаралсаңыз, алдағы уақытта туындауы мүмкін проблемалардың алдын аласыз.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button