Арнайы жобаҚыздар

Қынаптан шыққан бөліністер: қауіпті және қауіпсіз түрлері

Сұрақ: Қынаптан бөліністер шығады. Кейде көп, кейде аз.  Бұл қалыпты жағдай ма?

Жауап: Мұндай сұрақтар 1001surak.kz редакциясына көптеп келеді. Қыздардан да, жігіттерден де белгісіз бөліністер, жыныстық мүшелерінің қызаруы, қышыну сияқты симптомдарының негізінде диагноз қойып, емделу жолдарын сұраған хаттар келуде. Алайда диагностика жасау үшін келесі шаралар қажет:

– анамнезді жинау. Дәрігер жайсыздық белгілерін анықтайды: ауырсыну сезімі, бөлініс сипаты, қышу, зәр шығарғанда ашуы және т.б.;

– көзбен көріп, қолмен ұстап тексеру және жақпа (мазок) алу;

– қан талдауы;

– кольпоскопия;

– УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу).

Тек зерттеу нәтижелері болғанда ғана дәрігер медикаменттерді таңдап, емдеу курсын белгілей алады. Дегенмен қыздар, әйелдерде жыныстық бөліністердің бөлінуі мүмкін. Қандай жағдай қалыпты, қандай жағдай қауіпті екенін түсіндіріп көрейік.

Қалыпты табиғи бөліністер:

Әйелдерде циклдерінің әр кезеңдерінде түссіз, ақшыл бөліністер бөлініп тұрады. Шағын көлемде болса әрі қышытпаса мұны келесі жағдайларда норма деп қабылдаймыз:

– жыныстық қатынас кезінде;

– овуляция кезінде;

– жүктіліктің ең бастапқы кезеңінде.

Бөлініс қою әрі тұтқыр, түсі аппақ, сарғыш, қызғылт, қоңырқай болса, жағымсыз иісі бар болса, консистенциясы түйіршікті болса, жыныстық орган маңайы қызартып бөртпелер шыға бастаса, қынаптың ішін қышытып мазаны алса,  алаңдауға себеп бар. Мүмкіндігінше жылдам гинекологқа қаралыңыз. Себебі қарапайым инфекциялардың өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Қауіпті бөліністер:

– Молочница / Кандидоз

– Бактериалы вагиноз

– Венерологиялық инфекциялар

– Жатыр мойынының эрозиясы

– Ішкі органдар патологиясы

– Эндокринді патология

– Аллергия

– Зәр шығару органдарының іріңді қабынуы

Енді әрқайсына жеке тоқталып өтейік.

Молочница / Кандидоз

Қынап ішінің қышынуы және жағымсыз иісі бар ақ түсті бөліністер, жыныстық мүшенің қызаруы әдетте кандидоз кезінде байқалатын симптомдар. Candida зеңдері түптеп келгенде барлық адамдардың ағзасында болады. Алайда ол келесі факторлардың әсерінен өте қатты дамып, көбейе бастайды:

– антибиотиктерді қабылдау;

– интимді гигиенаның қарапайым шарттарын орындамау;

– тым жиі бүрку процедураларын жасау (спринцевание);

– синтетикалық матадан тігілген ішкиімдер кию;

– респираторлық аурулар салдарынан иммунитеттің нашарлауы;

– гормоналды ауытқулар;

– нервоз және стресс;

– түрлі адамдармен бейберекет жыныстық қатынасқа түсу (кандидоз жұқпалы).

Кандидозды емдемеген жағдайда асқынып, өзге қауіпті ауруға ұласуы мүмкін. Кандидозды әдетте Клотримазол, Нистатин, Полижинакс және Пимафуцин сияөты медикаментозды құралдармен емдейді. Егерпатология жиі асқынып, қайталанатын болса Орунгал, Флюкостат сияқты препараттармен жүйелі түрде емдейді. Қабылдауға келген пациенттер дәрігерлер неге түрлі препараттар жазып береді деп сұрайды. Оның себебі патологияның пайда болу себептеріне байланысты.

Бактериалы вагиноз

Ақ түсті бөліністер мен жыныс мүшелерінің қышынуы бактериалы вагиноз салдарынан да болуы мүмкін. Бөліністер ақ түстіден ақшыл сұр түске дейін болады. Бөліністердің иісі өлі балықтың жағымсыз иісіне ұқсас. Әсіресе жыныстық қатынастан соң күшейе түседі. Бұл патологияның себебі қынап микрофлорасының бұзылуы. Ал оған ішек жолдарының дисбактериозы, дұрыс таңдалмаған ас рационы, иммунитеттің әлсіреуі және синтетикалық материалдан тігілген киімдер әкелуі мүмкін.

Емдеу жолдары: арнайы ерітінділерді қынап ішіне бүрку (спринцевание) және пробиотиктер ішу. Бұл медикаменттер құрамында әдетте лактобактериялар болады. Олар ішек жолдары мен қынап микрофлорасын қалпына келтіреді. түймедақ қайнатпасынан да бүркулер жасауға болады. Мұндай жағдайда берілетін қарапайым ұсыныстар:

– арнайы жеке гигиена құралдарын пайдалану (интимді гигиенаға арналған сабындар маркетингтік әдіс емес, олардың құрамында жыныс мүшелерінің микрофлорасына зиян тигізбейтін компоненттер болады) және сабыннан бас тарту;

– тәулігіне кемінде екі рет жыныс мүшелерін мұқият жуып тұру;

– табиғи матадан жасалған іш киімдер кию;

– жүйелі түрде гинекологқа қаралу. Гинекологқа тек ауырғанда емес, профилактикалық түрде қаралуды әдетке айналдыру керек;

– салауатты өмір салтын ұстану, дәрімендер қабылдау арқылы иммунитетті күшейту.

Венерологиялық инфекциялар:

Қынаптың қышынуы және сары, жасыл түсті бөліністердің шығуы гонореяның белгісі болуы мүмкін.

Қоңыр түсті бөліністер мен жыныстық мүшелердің қышынуы, қызаруы әдетте трихомониаз кезінде байқалатын белгілер.

Сулы ақ бөліністер, қышыну, бөртпелер уреаплазмоз және хламидиоз симптомдары.

Бұл патологияларды бөлініс түсіне ғана сүйеніп айту қиын. Нақты диагноз қою үшін кешенді тексеру қажет.

Венерологиялық инфекциялар салдарынан туындаған аурулар кезінде кешенді терапия тағайындайды. Ол жергілікті және жүйелі түрде жалпы әсер ететін антибактериалды құралдардан, бактерицидті тампондар салу, бүрку процедураларынан тұрады.

Жатыр мойынының эрозиясы

Эрозия әдетте бактериалды вагиноздан басталады. Ауру тудыратын микрофлора қалыптасқанда иіссіз ақ бөліністер шығады, қынап іші қышып, жайсыздық сезімі туындайды. Регул жақындағанда бөлініс көлімі көбейеді. Жатыр мойнының эрозиясы кезінде медикаментозды терапия жақсы нәтиже бермеуі де мүмкін. Бұл проблеманы дәрігерлер хирургиялық жолмен де шеше алады.

Ішкі жыныс органдарының патологиясы

Кей жағдайларда бөлініс өте аз мөлшерде болады. Олардың иісі де түсі де болмауы мүмкін. Мысалы миома, эндометриоз және полиптер сияқты деструктивті процесстер, сондай-ақ эндометрит, цервит сияқты қабыну процесстері кезінде әйелдің ішкі органдары ауырады, әсіресе жыныстық қатынас кезінде бұл қатты білінеді. Егер дер кезінде емделіп мән бермесе, болмашы жара асқынып іріңдеуі мүмкін.

Эндокринді патология

Жыныстық гормондардың түзілу процесі бұзылғанда және қалқанша безінің аурулары кезінде қынаптың микрофлорасы да өзгереді. Соның нәтижесінде болмашы қышу, ашу және ақ түсті бөліністер туындайды. Бұл әсіресе қант диабеті кезінде айқын байқалады. Ауыру симптомдары көбінесе таңды уақытта пайда болады. Бұл патологияның ең кең тараған белгілері: кіші дәретке бару жиілейді, зәрде ацетон иісі байқалады. Емдеу үшін гинекологқа ғана емес, эндокринологқа да қаралған жөн.

Аллергия

Ауыз арқылы қабылдайтын контрацептивтер, қынапқа салатын свечалар, лубриканттар, ал кейде тіпті еркектің спермасы аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Бұл кезде жыныс мүшелері қызарады, зақымдалған тұс қышиды, нәтижесінде ақшыл түсті бөліністер шығады. Аллергия көзін анықтап, контактіні болдырмаса, жеңіл желпі седетативті таблетка және теріні тыныштандырып, микрофлораны қалпына келтіретін ерітіндімен бүркуге болады. Алергия туындаған жағдайда жыныстық қатынастан біраз уақыт шектелген жөн.

Зәр шығару органдарының іріңдеп қабынуы

Іріңді цистит кезінде іштің төменгі жағы ауырып, зәр шығару қиындайды. Зәрмен бірге бірер тамшы ірің де шығады. Осының салдарынан жыныстық мүшенің жан-жағы қызарады. Түссіз және иіссіз бөліністер пайда болады. Қынап маңындағы қатпаршаларда аппақ түйіршіктер түзілуі мүмкін. Бұл жағдайда жыныстық гигиенаға ерекше мән беріп жедел урологқа қаралуды ұсынамын.

Сөз соңында айтарым, жыныстық мүшеңізден өзіңізге жайсыздық әкелетін өзгеше бөліністі байқасаңыз, гинекологқа қаралғаныңыз жөн. Инфекция еш уақытта өздігінен кетіп қалмайды. Қайта жасырынып, ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Және гинекологқа қаралып, қандай инфекция табылса да, біліңіз: қазіргі медицина мүмкіндіктері кез келген инфекцияны жеңудің жолдарын тауып бере алады.


Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button