Сайт туралы

Біздің қоғамда жыныстық сауаттылық жасөспірімдердің ерте жыныстық қатынасқа тусуіне одан сайын түрткі болады деген миф бар. Бұлай деу орынсыз. Осыған дейін көптеген зерттеулер жүргізілгендіктен жасөспірімдер лекциялар тыңдау арқылы жауапкершілікті сезініп, ерте жүктіліктен сақтану керегін, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар туралы біледі. Егер біз үн-түнсіз білмейтін түр танытар болсақ онда қоғамдағы проблемалар жалғаса береді.

Отбасы – әр адамның баға жетпес құндылығы. Сол себептен некеге тұрмас бұрын репродуктивтік денсаулықты сақтау мен отбасын жоспарлаудың барлық әдісін ескерген жөн.

Жыныстық сауатсыздық – бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Басы ауырып, балтыры сыздаса да, ауруын жасыратындар көп. Мұның астарында бірнеше себептер қылаң береді. Мәселен, дәрігерге көрінуге ұялу немесе денсаулығына қатысты мәселені ашып айтуға қымсыну секілді өзге де жағдайлар олардың дер кезінде медициналық көмек алуларына кедергі болады. Соның салдарынан денсаулығына айтарлықтай нұқсан келіп, тіпті бала сүю бақытынан айырылғандары да жоқ емес.

Өкінішке орай, қазіргі заманда отбасы асығыс құрылады. Жастар жыныстық қатынасқа түсіп, контрацепциядан хабарсыз болған соң, қаламаған жүктілікке тап болады. Содан бала бағуға әлі дайын емес жеткіншектердің амалсыз үйленулеріне тура келеді. «1001 сұрақ» сайты осындай қателіктерді болдырмауға бағытталған.

Сайт авторлары – KMG еріктілер тобы. Сайттағы сұрақтар қолданушылардан келіп түседі, жауаптарын мамандар береді немесе тексерілген, ашық ресурстардан беріледі.

Back to top button