Жалпы

Ұят емес

Сайтқа күнделікті түрлі сұрақтар келіп жатады. Кейде тым ыңғайсыз, кейде тым қарапайым. Кейде ақыл кеңеске емес, жақындарының қолдауына зәру хаттар да келеді.

Элементар дүниелерді сұрап хат жазғанда, «бұл бізді мазақ етіп тұр ма?» деген ой келетін. Бірақ әріптесім Аршат:

– Егер мұндай сұрақтар келсе демек біз дұрыс жолдамыз. Демек біздің сайт шынымен қажет, – деді.

Сайтқа көптеп келетін сұрақтардың бірі «қыздық пердеге» байланысты. Иә, әр әйел ағзасы әртүрлі. Алғашқы түн кезінде бір қыздарда қыздық перде зақымдалмай қалады. Акушер гинекологтарымыз видеода кей әйелдер босанғанда қыздық перде бірге шығатынын айтады. Бірақ қазақ әйелдері үшін бұл – трагедия. Себебі еркектер үшін әйелдің физикалық, моралдық саулығы емес, өзінің «бірінші» болуы әлдеқайда маңызды. Бірде тіпті поштамызға бір жігіттен «қызымның қыздығы өзінікі екенін немесе гименеопластика жасағанын қалай айырамын?» деген хат келді. Егер араларыңда сенім, махаббат болмаса үйленіп не керек деп жауап бергім келді. Бірақ хатты гинекологқа да жолдамадым, жауапсыз қалдырдым.

Қыздардан көптеп келетін сұрақтардың бірі жүктілікке қатысты. От басып, аяғы ауыр болып қалған қыздар шырылдап көмек сұрайды. Жігітінің сырт айналып кеткенін, ата-анасының кешірмейтінін айтып жылайды. Әлеуметтік желідегі парақшамызда әке-шешесі тұрмақ бейтаныс адамдардың өздері онсыз да күйзеліп жүрген қыздардың жер-жебіріне жетіп жатады. Жоспардан тыс жүктілік тек қыздардың проблемасы ма? Осы уақытқа дейін редакция поштасына қызымның аяғы ауыр болып қалды, ата-анасына қалай айтамын деген жігіттен хат келмепті. Бұл нені білдіреді? Қыз-жігіттерге тек сексуалды сауат қана емес, жауапкершілік те жетіспейтінін аңғартады деп ойлаймын.

Саны жағынан үшінші орында тұрған симпоматикалық сұрақтар. Қыз-жігіттер жыныс мүшелерінен қандай да бір бөліністер шығатынын, ауыру белгілерін жазып көмек сұрайды. Біздің гинеколог, урологтарымыз мұндай жағдайда міндетті түрде анализ қорытындылары, тексеру қажет екенін айтады. Қайыра хат жазып талдау түрлерін сұратсақ, «ауылда қайдағы анализ тапсыру? аудан орталығына барсақ ертең бүкіл ауыл біледі. Гинекологқа барсам көрші-қолаң көреді. Презерватив сатып алатын болсам өсекке қалам»дегенді айтады. Гинекологқа, урологқа қаралу, дәріханадан презерватив сатып алу бізде неге ұят саналады? «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» принципінің денсаулыққа мүлдем қатысы жоқ қой?

Жігіттерден жиі келетін сұрақ «жыным мүшесін ұзарту» туралы. Біздің урологтар видеода және жазбаша сұрақтарға жыныс мүшесінің көлемі ешқандай роль ойнамайтынын бірнеше рет айтты. Бірақ сұрақтар әлі де қойылуда. Еркектерге жыныс мүшесінің көлемі туралы қыздар, әйелдер тарапынан айтылмағанына сенімдімін. Мәселе «жұрттан қалмау», зор болып көріну. Біреудің сен туралы ойы сенің түр-тұрпатыңа емес, ісіңе байланысты екенін қалай жеткізіп түсіндіруге болар екен.

Мәселенің бәрі де соған тірелетін сияқты түптеп келгенде. Қауіпсіз секс, жыныстық инфекция, презерватив, жоспарланбаған жүктілік, криминалды аборт, дәретханадағы шақалақ… Түбімізге жететін «жұрт не дейді», «ұят болады» емес пе?

Өтінемін, әлеуметтік желіде жұрттың жазғырып, ұятын іздемеңізші. Адамдарды адам ететін сіздің комментіңіз емес, өмірден алған сабағы. Бәлкім дәл сіздің комментіңіз өмірден түңілген бір адамды, жарық дүние есігін әлі ашпаған бір нәрестені құтқарып қалар…

Back to top button