Арнайы жобаҚыздар

Жасырын түрде түсік жасатуға бола ма?

Cұрақ: Сәлеметсіздер ме! Аяғым ауыр, шамамен 2 айдай болды. Қалай жасырын түсік жасатуға болады? Әлі мектепте оқимын…

Жауап: Сәлеметсіз бе! Өкінішке қарай, жасырын түрде түсік жасата алмайтыныңызды ескерткіміз келеді. Біріншіден, жағдайыңызды анаңызға айтқаныңыз жөн. Егер анаңыздан қатты қорықсаңыз немесе сізді түсінбейтініне сенімді болсаңыз, жақсы араласатын, сыр сақтай алатын туысыңыздан, әпкеңізден, жеңгеңізден  көмек сұрап, анаңызбен сөйлесуін өтініңіз. Себебі әзір Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша, 18 жасқа толмаған қыз ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасата алмайды. Сондықтан анаңызға қалай да жүкті екеніңізді айтуыңыз керек. Қанша қорықсаңыз да, ол сіздің анаңыз. Алғашында оған сіздің аяғыңыз ауыр екенін қабылдау қиын болуы мүмкін. Бірақ ашуы басылғаннан кейін, сізге көмек қолын созары сөзсіз.

Екіншіден, аборт арнайы мекемеде жасалуы тиіс. Аяғыңыз ауыр екенін құпия сақтаймын деп, жасанды түсік жасауға рұқсаты жоқ мамандардың көмегіне жүгінбеңіз. Дәрігердің рұқсатынсыз түсік жасайды дейтін дәріні қабылдамаңыз, халық медицинасына жүгінбеңіз. Дұрыс жасалмаған аборт бедеуліктен бастап өлімге дейін апаруы мүмкін. Сондықтан өзіңіз тіркелген медициналық мекемеге барып, дәрігерден кеңес алыңыз. Елімізде мұндай кеңестер алу, қаралу тегін жүргізіледі. Дәрігер өз кезегінде сізді тексеріп, аборт жасауға жолдама қағаз (направление) береді. Сонымен қатар абортты ақылы түрде (15-40 мың теңге) жекеменшік мекемеде де жасатуға болады. Дәрігерлерге қаралуға қорықпаңыз, сіз туралы, сіздің операцияңыз туралы ақпарат медициналық құпия болып қалады.

Үшіншіден, түсік жасатқаннан кейін жүйелі түрде гинекологқа қаралуыңыз керек. Өйткені аборттан кейін жатырда асқыну болуы мүмкін. Сондай-ақ жыныстық қатынасқа түсер алдында контрацепцияны ұмытпаңыз. Ол тек жүктіліктің ғана емес, жыныс жолымен берілетін аурулардың алдын алады.

Түсік жасатып, анаңыздан сөз естігеннен кейін өмір сүргіңіз келмей, басыңызға түрлі жаман ой келуі мүмкін. Бірақ өзіңізді қолға алып, ұнататын ісіңізбен айналысуға тырысыңыз. Егер қатты қиналсаңыз, мектептегі психологтың көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button