Арнайы жобаҚыздар

Жүктілік әйел ағзасын тоздырады деген рас па?

Сұрақ: Жүктіліктен әйел тез қартайып, денсаулығы нашарлайды деген рас па? Бір балам бар, жасы 1-ден енді асты. Енем бірінен соң бірін туа бер дейді. Бірақ мен ертең жасымнан бұрын қартайып қауқарсыз болып қаламын ба деп қорқамын. Жүктілік әйел организмін тоздыра ма? 

Жауап: Әрине, жүктілік әйел организміне өзгеріс енгізеді. Босанбаған әйел мен босанған әйелдің ағзасы екі бөлек. Әрине, босану ағзаға ауыртпалық әрі стресс. Гормоналды фон өзгереді, иммунитет әлсірейді, жүйке жүйесіне елеулі күш түседі, физиологиялық процестер өте белсенді жүреді. Бірақ жүктілік пен босану әйел адам жаратылысынан қарастырылған дүниелер. Медициналық тұрғыда жүктілік әйелді қартайтады деп айта алмаймыз.

Әйел ағзасын тоздыратын тікелей жүктілік пен босану емес, одан кейінгі кезеңдер. Егер әйел 24 сағат бойы баланы қарап, оған қоса үй шаруасын тындырып, өзіне өзі көңіл бөлмесе, бұл әрине ағзаны ғана емес, адамның психологиялық-моралды жағдайын да нашарлатады. Сондықтан мәселе босануда емес, босанудан кейінгі өмір сүру сапасында, отбасы қолдауында, әйелдің күтімінде. Әрине, жыл сайын бала туатын болса әйел ағзасы қалпына келіп те үлгермейді. Әйелдің физиологиялық тұрғыда қалпына келуі үшін кемінде 2-3 жыл қажет. Бұл әйел денсаулығы үшін ғана емес, баланың өмір қауіпсіздігі үшін де маңызды. Өмірге әлі толық бейімделіп, өздігінен жүріп тұрып, сөйлей алғанша баланы қадағалап отыру қажет. Сондықтан көп балалы ана болғысы келетін әйелдерге айтарым, ешқандай қауіп жоқ, тек жүктілік арасында жеткілікті интервал болып тұрса болғаны.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button