Арнайы жобаҚыздар

Алғашқы етеккір қашан келуі керек?

Сұрақ: Жасым 14-те. Етеккір туралы толығырақ білгім келеді. Менің сыныбымдағы қыздардың барлығына етеккір келді. Маған әлі келмеді. Мамам бұл тақырыпта менімен сөйлеспейді. Мектептегі медбикемен сөйлесуге ұяламын. Мен аурумын ба?   

Жауап: 

Алғашқы етеккір бұл қыздардың өміріндегі маңызды оқиға. Сондықтан анаңмен немесе әпкеңмен сөйлесуге тырыс. Әдетте қыздардың алғашқы етеккірі 12-14 жасында келеді. Бірақ кей жағдайларда етеккір ертерек, 9 жасында немесе кешірек 16 жастан асқанда да келуі мүмкін. Бұл генетикалық ерекшеліктерге байланысты. Қыздардың менструациясы (етеккірі) жыныс мүшелері әбден дамығанда, ал организмінде гормондар мөлшері жеткілікті болғанда келеді. Осы кезден бастап сенің аналық бездерің (төрт аптада бір рет) ұрық жасушыларын пісіріп жетілдіреді, ал цикл соңында олар етеккір қанымен бірге шығып отырады. Репродуктивті (бала туа алатын) кезең аралығында бұл цикл ай сайын қайталанып отырады.

Егер өз ағзаңа көңіл бөлсең етеккірдің жақындағанын сезіне аласың. Сенің бойыңда өзгерістер байқалады, дене бітімің жұмырлана бастайды. Әр қыз баланың өз ерекшеліктеріне байланысты симптомдары да өзгеше болады. Алдымен жыныс мүшелерінен түссіз сұйықтық бөліне бастайды. Бұл кезең бір жылға дейін созылуы қалыпты дүние. Ал етеккірден бірнеше күн бұрын қыздар жайсыздықты сезіне бастайды. Көңіл-күйі күрт құбылып, ауырсыну сезімі туындауы мүмкін. Тіпті еш себепсіз жылағысы келетін жағдайлар да кездеседі. Етеккір басталғанда іш киіміңнен қан тамшыларын немесе қоңыр дақтар байқайсың. Бірден көп мөлшерде қан ақса, қорқудың қажеті жоқ. Етеккір келіп, жыныстық мүшелерден қан аққанда ауырмайды. Бұл қыз баланың ағзасында болатын қалыпты процесс. Тек кей жағдайларда іштің төменгі жағы сәл ауырсынуы мүмкін. Әдетте алғашқы етеккір 2-3 күнге созылады. Етеккір түсі алқызылдан, ақшыл қоңыр, қошқыл қоңыр да болуы мүмкін.

Қандай жағдайларда гинекологқа қаралу қажет?

– Іштің төменгі жағы қатты ауырса, әсіресе лоқсып, құсқысы келгенде, іш өткенде (бұл инфекция, қабыну, гормоналдық фонның бұзылуы себебінен болуы мүмкін);

– Етеккір ұзақтығы 7 күннен асса және өте жіті келсе (күніне 5-6 жайма ауыстыратындай көп келсе);

– Егер тұрақты келіп жүрген етеккір циклі кенет бұзылып кетсе;

–  Егер етеккір 9 жасқа толмай тұрып келсе немесе 16 жастан асқан соң келмесе.

Алғашқы етеккір келген соң жыныс мүшелерінің гигиенасына өте мұқият болу қажет. Жыныс мүшелерін түрлі хош иісті, антибактериалды сабындармен жиі жуу да зиян. Бұл жыныс мүшелерінің қалыпты флорасын бұзып, инфекцияның дамуына әкелуі мүмкін. Дәретханадан соң жылы сумен жуудың өзі де жеткілікті. Дүкендерде интимды гигиенаға арналған сұйық сабындар болады немесе ешқандай қоспасы жоқ қарапайым кір сабынды қолдануға болады. Етеккір келгенде салынатын жайманы (прокладканы) уақытында ауыстырып тұру қажет. Бұл жіті аққан қанның іш киімге шығып кетпеуіне және инфекцияның дамуы үшін қолайлы орта түзбеуге септігін тигізеді.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button