Арнайы жобаЖалпы

Емханаларда қандай қызметтер тегін ұсынылады?

Сұрақ: Сіздер гинекологқа ауырғанда ғана емес, жылына бірнеше рет профилактикалық мақсатта бару керек дейсіз. Гинеколог қабылдауы арзан емес. Поликлиникадағы гинекологқа тегін қарала аламын ба? Поликлиника қандай тегін қызметтер ұсына алады өзі?

Жауап: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына сәйкес ҚР азаматтары мен оралмандар Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек алуға құқылы. Ол тегін қызметтер тізімінде ауруды емдеу және оның алдын алу мақсатында дәрігерге қаралу тегін. Оның ішінде гинеколог, уролог дәрігерлеріне қаралу да кіреді. Қызметтер бюджеттің қаражаттар есебінен тегін ұсынылады. Профилактикалық медициналық тексерулерден әрбір азамат жылына бір рет тегін өте алады. Профилактикалық тексерулерге зертханалық анализдер, УДЗ, және басқа да тексерулер жатады. Қалған уақытта учаскелік терапевт жолдамасы арқылы дәрігерлерге тегін қаралады.

Жасы 40 асқан адамдар әрбір 2 жыл сайын профилактикалық мақсаттарда екі жылда бір рет скринингтік тексеруден өте алады. Ол простат және сүт бездерінің қатерлі ісігінің алдын алу тексерулері. Сонымен қоса, жыл сайын туберкулез, сүт бездері рагының алдын алу шаралары аясында ашық есіктер күні өткізіледі. Учаскелік терапевттен мұндай шаралар туралы алдын ала хабарлауын сұраңыз.

Сонымен қатар әрбір аудандық, қалалық емханада әйелдер, қыздар отбасыны жоспарлау мәселелері бойынша тегін консультация алуына болады. Бұл кабинеттерде гинеколог дәрігерлер әйелдерді қарап оны жүктілікке дайындайды, сонымен қатар жүктілікке дайындау кезеңінде (3 ай) фолий қышқылы мен Е витаминін тегін береді.

Медициналық көрсетілімдер бойынша өз бетімен жүкті бола алмайтын әйелдер  құзырлы орган бекіткен тәртіпке сәйкес экстракорпоральды ұрықтандыруға квота алуға құқылы. Квота арқылы ЭКО тегін жасалады.

Жүктілікті жоспарламаған немесе кейінге шегерген әйелдерге гинекологтар контрацепция құралдарын тегін таңдап беріп, жатыр ішіне орнатылатын спираль салып бере алады (немесе жатырынан алып тастайды). Бала тууға қабілетті 49 жасқа дейінге әйелдерге спиральдер және таблетка түріндегі контрацепциялар тегін беріледі.

Босанған әйелдерге балаға арналған дәрі қобдишалары (зеленка, стерильді дәке, суға арналған термометр, емізік, сутек тотығы және спирт және т.б. бар) тегін беріледі. Сонымен қоса 1 жасқа дейінгі балаларға тегін массаж курсы қарастырылған. Анасы белгілі бір себептермен баланы емізе алмаса нәрестелерге арналған құрғақ сүт декреттік мезгіл аралығында тегін беріледі. 18 жасқа дейін балаларға физиопроцедуралар медициналық көрсетілімдеріне байланысты қажет болса, тегін жасалады.

Мемлекеттік емханаларда тегін қызмет көрсететін психолог кабинеті болады. Егер өміріңізде ауыр жағдайлар болып, стресс, күйзелікті бастан кешсеңіз психологтың кеңесіне тегін жүгіне аласыз.

Қалалық емханаларда сонымен қатар ВИЧ инфекциясына тегін әрі анонимді түрде анализ тапсыруға болады.

Мемлекеттік емханаға тіркелу тегін. Ол үшін жеке басыңыздың куәлігі және тұрғылықты жеріңіздің мекенжайы жеткілікті. Ешбір қосымша құжат немесе қаражаттың қажеті жоқ. Әрбір мемлекеттік емхананың интернет сайты, емханалардың өзінде телефон номері көрсетілген сенім телефондары (WhatsApp чаттары) болады. Қандай да бір заңсыздық немесе проблемаларға тап болсаңыз, осы сайт немесе сенім телефондары арқылы наразылығыңызды жеткізе аласыз.


Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button