Арнайы жобаҚыздар

Етеккір алдындағы мазасыздық

Сұрақ: Етеккір келетін кезде мазам кетеді. Жүйкем тозып, сәл нәрсеге ренжіп шыға келемін. Бұл менде ғана болатын жағдай ма? Не істесем болады?

Жауап: Медицинада бұл менструация алдындағы синдром (МАС) деп аталады. Симптомдары: дене салмағының ұлғаюы, сүт бездерінің ісінуі, лоқсу, іштің кебуі, қынаптан шығатын бөліністер, алаңдау сезімі, депрессия, көңіл-күйдің құбылуы, болмашы себептерге бола жылауға бейім тұру, аштық сезімі.

Себептері: гормоналды дисбаланс (әйелдердің жыныстық гормондары – эстрогендер жоғарылайды. Нәтижесінде осы гормондар мен прогестерон арасындағы қатынас бұзылады да, ағзада артық сұйықтық жиналады. Бұл жағымсыз физиологиялық және психологиялық симптомдарды тудырады); организмде магний мен В6 митаминінің жетіспеушілігі (бұл заттар жүйке жүйесінің қалыпты жұмысын қаматмасыз етеді. Егер осы витаминдер жетіспесе, әйелдердің стреске төзімі төмендейді, ал МАС ауыр өтеді); тұқым қуалау (әдетте анасы МАС ауыр өткізген болса, бұл қыздарына да беріледі); ағзаның суыққа немесе ыстыққа реакциясы, уақыт белдеулерінің ауысуы (адамның үйреніп қалған температурасы, уақыт белдеуі ауысқанда ол қалыпты ағзаның өзіне стресс әкеледі, етеккір келгендебұл проблема одан сайын ушығады).

Көбінесе МАС менструациядан 3-12 күн бұрын басталады. Келесі жағдайларда МАС туындау ықтималдығы артады:

– темекі шексеңіз;

– стресс, депресси жағдайында жүрсеңіз;

– аз ұйықтасаңыз;

– алкогольді, тұзды, қызыл етті немесе қантты шамадан көп тұтынсаңыз.

МАС симптомдарын қалай жеңілдетуге болады?

– тұрақты спортпен айналысу;

– дұрыс тамақтану: тұтас дәнді дақылдар, жеміс-жидектер, көкөністер тұтыну, кофеиннен, темекі мен алкогольден бас тарту;

– толыққанды ұйқы, менструация жақындағанда ұйқы циклін 1 сағатқа ұзартуға тырысыңыз, кеш тұрып емес, ерте жатып ұйқыңызды ұзартыңыз;

– стресс төмендететін іспен айналысу.

Сізге дәрігер қалай көмектесе алады?

Ең алдымен диагнозды растау және өзге патологияның жоқ екеніне толық тексеру арқылы көз жеткізу қажет. Емдеу әдісін таңдау симптомдар мен тексеру нәтижесіне байланысты. Емдеу келесі шаралардан тұруы мүмкін: гормоналды терапия, витамин терапиясы, несеп айдау препараттарын қолдану, антидепресанттарды тағайындау және т.б.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Ілмектер
Close