Арнайы жобаҚыздар

Гинеколог кеңестері

Сұрақ: сайттарыңыз өте қызық. Әсіресе гинеколог кеңестері. Менде ешқай жерім ауырмайды. Дегенмен гинекологиядағы тәжірибеңізге сүйеніп қыздарға қандай ақыл айтар едіңіз?

Жауап: Сұрағыңыз да қызық екен. Қыздарға айтқым келетін бірнеше ақыл-кеңесімді топтастырып көрейін.

  1. Егер сізде ешқай жеріңіз ауырмаса, гинекологқа барудың қажеті жоқ деген жаңсақ пікір. Кез келген қыз, келіншек денсаулығы жақсы болғанның өзінде гинекологқа жылына тым болмаса 1 рет қаралуы керек. Гинекологқа келгенде симптомдарын жасырмай, ашық әңгімелескені жөн. Әрбір деталь біз үшін маңызды. Гинекологтар пайда табуды емес, пациенттің сау әрі риза болғанын қалайды.
  2. Көп жағдайда қабылдауға келген қыздар менструалды циклін анық білмейді. Ал етеккірдің келу уақыты, ұзақтығы, сапасы гинекологтар үшін негізгі көрсеткіштердің бірі. Сондықтан мүмкін болса етеккірдің басталған және аяқталған уақытын белгілеп, немесе есте ұстап жүргеніңіз жөн.
  3. Гинекологқа қаралуға келгенде гигиена шараларын жасаған орынды. Дегенмен асыра сілтеп, тура қаралудың алдында эпиляция жасап, қырынудың керекгі жоқ. Кейде жыныстық мүше маңайының қызарып тұру себебін анықтау қиын. Қырынған соң қызарды ма әлде ауру симптомдары ма деген күмән туындайтыны рас.
  4. Қыз бала денсаулығының күтімі. Белін жабық ұстау, жылы киіну, ауыр заттарды көтермеу керек. Кейде жылдың суық мезгілінде тым жұқа (қысқа етек, капрон шұлық және т.б.) киінген қыздарды көріп, ақыл айтқым келеді. Ауыр зат көтеру де қыз балалар анатомиясына жат, бұл жатырдың төмен түсіп кетуіне немесе басқа да аурулардың себепкері болуы мүмкін.
  5. Іш киім сұлулықтан бұрын гигеналық функцияны орындайды. Синтетикалық киімдер, тар киімдер (стринг, фигураны коррекциялайтын іш киім) қынапта бактериялардың көбеюіне ықпал етеді. Сонымен қатар деодарант гигиеналық төсемдер қыз баланың денсаулығына зиян екенін есте ұстаған жөн. Ең пайдалы іш киім денеге шақ (жыныс мүшесін толық жауып тұратын), табиғи матадан жасалған киімдер.
  6. Қауіпсіз секс тек жігіттердің жауапкершілігі емес. Секс қауіпсіздігіне жыныстық қатынасқа түскен екі адам да жауапты. Жыныстық инфекциялардан, жоспарланбаған жүктіліктен қорғанудың ең сенімді жолы – презерватив. Егер жыныстық өмірді бастасаңыз, кездесуге барғанда немесе секс ықтималдығы жоғары жағдайларда презерватив алып жүрудің еш әбестігі жоқ.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button