Арнайы жобаҚыздар

Гинекологқа алғаш рет бару: неге, қайда, қашан?

Сұрақ: Гинекологқа бірінші рет қашан бару керек? Гинекологқа тексерілу үшін қайда бару керек?

Жауап: Әдетте қыздар, тіпті жасы үлкен әйелдер гинекологқа қаралудан қашқақтайды. Тек денсаулығында кінәрат болса ғана қаралады. Бірақ бұл дұрыс емес. Профилактикалық тексеру көптеген аурулардың алдын алады. Алғашқы тексеруге етеккір келген соң баруға болады. Гинекологқа қаралатын әрбір қызға келесіні айтар едім:

  1. Ұялудың немесе қысылудың қажеті жоқ. Гинеколог басқа дәрігерлер сияқты өз жұмысын жасайды. Ол сізге қатысты жеке ақпаратты ешкімге айтпайды, талқыламайды. Оның мақсаты гинекологиялық ауруларды анықтау немесе алдын алу.
  2. Егер болашақта ешқандай проблема болмасын десеңіз, ертерек дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Кейбір болмашы инфекциялардың дамуы бедеулік сияқты ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
  3. Өзіңіз сенім білдіретін бір білікті маманды таңдаңыз. Егер қай дәрігерді таңдайтыныңызды білмесеңіз, алдымен қарапайым консультацияға келуіңізге болады. Сіз үшін бұл өміріңіздегі маңызды, ерекше жағдай. Дегенмен дәрігерлердің алдынан күніне қаншама пациент өтетінін ескеріңіз. Сондықтан дәрігерге алдымен бірінші рет қаралып тұрғаныңызды айтып, ішкі қорқынышыңызбен бөлісуіңізге болады. Бұл қандай да бір түсініспеушіліктердің алдын алады.
  4. Гинекологқа бармас бұрын сәл дайындалу керек. Алдымен душқа түсіп, таза ішкиімдеріңізді киіңіз. Сонымен бірге өзіңізбен бірге таза төсемелерді алуыңызға болады (дегенмен қазіргі клиникаларда бір реттік қолданысқа арналған төсемелер, перчаткалар беріледі). Сізге бастысы моралды дайындық қажет. Гинекологқа қаралудың ең оңтайлы кезі етеккірден 5-7 күн бұрын немесе етеккір келген соң алғашқы апта.
  5. Гинекологқа барған соң сізді алаңдататын барлық сұрақтарыңызды асықпай қойыңыз. Өзіңіз туралы ақпаратты да мүмкіндігіңізше дәл айтыңыз: етеккірдің циклі, соңғы келген күні, етеккір алдындағы симптомдар, анамнезіңіз, жалпы денсаулығыңызға қатысты сауалдар да қойылуы мүмкін.
  6. Гинекологқа бармас бұрын дәретханаға барып алған жөн. Себебі дәрігер сізді қарау барысында пальпация жасап, ішіңіздің төменгі жағын, қуық тұсын басып көруі мүмкін. Бұл пальпация кезінде жайсыздықты болдырмау үшін керек.
  7. Гинекологқа бармас бұрын қарапайым гигиеналық процедураларды жасау керек. Дегенмен арнайы спрей, дезодаранттар немесе агресивті сабындарды қолданудың қажеті жоқ. Себебі қынабыңыздың микрофлорасын бұзып, жақпа (мазок) алу кезіндегі шынайы жағдайды анықтауға кедергі келтіруі әбден мүмкін.
  8. Консультацияға дейін кемі 3 күн жыныстық қатынасты болдырмаған жөн. Жыныстық актіден кейін қалған ұрық сұйықтығы қынапта үш тәулік бойы сақталып, талдау нәтижелеріне және диагностика жасауға кедергі келтіруі мүмкін.
  9. Дәрігерге қаралудан бұрын алкогольді ішімдіктерді ішпеген жөн. Сонымен қатар антибиотиктерді қабылдау да талдау нәтижелеріне әсер етеді.

Гинеколог қабылдауында не болады?

  1. Алдымен дәрігер жыныстық өміріңіз, менструациялық цикл және проблемалар туралы сұрайды.
  2. Тексеру барысында дәрігер теріңізге, сүт бездерінің жағдайына назар аударады. Содан соң арнайы креслоға отырғызып, айна көмегімен гинекологиялық тексеруді бастайды. Осы кезде сіздің қынабыңыздан арнайы жіңішке таяқшалар көмегімен жақпа алады. Бұл қынаптың микрофлорасын тексеру, жыныстық инфекциялардың алдын алу үшін қажет. Процедура мүлдем ауыртпай жасалады. Тек алғашқы рет аздаған дискомфорт болуы мүмкін.
  3. Қажет болған жағдайда (проблемалар болса) видеокольпоскопия жасалады, яңни арнайы микроскоп көмегімен ішкі жыныс мүшелері зерттеледі. Сонымен қоса тексерудің бимануалды әдісі жасалуы мүмкін. Бұл кезде жатырға саусақ ұштары енгізіліп пальпация жасалады.

Бұдан соң дәрігер қорытынды жасап, қажет болса ІДЗ немесе басқа да зерттеу әдістеріне жолдама беруі мүмкін. ІДЗ немесе қан талдауынан шошудың қажеті жоқ. Бұл әдеттегі процедуралардың бірі.  Гинекологқа қаралудан қорықпаңыз. Қазір өз қорқынышыңызды жеңсеңіз болашақта көптеген проблемалардың алдын алуыңыз мүмкін. Қыз балалардың гинекологқа көрінуі оның сауаттылығын, салауатты өмір ұстанымын білдіреді.

Гинекологқа қаралу тегін бе? Оны қайдан табуға болады?

ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына сәйкес Қазақстанның әр азаматы Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) алуға құқылы. Тегін медициналық көмек ҚР азаматтары мен оралмандарға беріледі. Тегін медициналық көмек бюджет есебінен көрсетіледі және оған тиімділігі дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер жатады. Қазақстандағы денсаулық сақтау республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Республикалық бюджет есебінен көрсетілетін ККТМК-ке келесілер жатады:

Мамандырылған медициналық көмек көрсету, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымының жолдамасы бойынша балалар мен ересектерге реабилитациялық көмек көрсету: хирургиялық, нейрохирургиялық, уронефрологиялық, психиатриялық, онкологиялық және радиологиялық, дерматологиялық және венерологиялық, офтальмологиялық, кардиологиялық, акушерлік-гинекологиялық, сондай-ақ денсаулыққа зиян әрі қауіпті өндірістік факторларға, туберкулез бен алапеске байланысты аурулар.

Сонымен өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңызға жақын орналасқан емханаға тіркеліп, гинеколог маманға тегін қарала аласыз. Емханаға тіркелу үшін мекенжай анықтамаңыз бен жеке басыңыздың куәлігін алу жеткілікті. Егер шалғай аймақта тұратын болсаңыз, сіздің емханада гинеколог маман белгілі бір себептермен болмаса, учаскелік терапевтке барып басқа емханадағы гинекологқа тегін қаралу үшін жолдама алуыңызға болады.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button