Арнайы жобаЖігіттер

Эрекция жоқ. Не істеу керек?

Сұрақ: Төсек қатынасына түсерде эрекция болмай жүр. Бірнеше рет қайталанды. Сұрайын дегенім, бұл нені білдіреді? Оны қалпына келтіру үшін не істеу керек? Қатты мазамды алды.

Жауап: Сіз айтып отырған эрекцияның жоғалуы (еркектің жыныс мүшесінің қатаймауы, тұрмауы) немесе эректильді дисфункция көптеген ер адамды мазалайтын проблема. Десе де оны импотенциямен шатастырмаған жөн. Егер дұрыс ем алған жағдайда, одан толық айығуға болады.

Мамандар эрекцияның жоғалуын көбіне екі түрлі себепке бөліп қарастырады. Біріншісі – психологиялық болса, екіншісі – физиологиялық.

Психологиялық себепке стресс, қатты шаршау, сәтсіз секс жайлы ой, депрессия сияқты менталды проблемаларды жатқызуға болады. Яғни сізді іштей жейтін ойлар. Одан арылу үшін әлеуі жақсылап тынығыңыз. Өзіңізді жақсы сезінудің жарты кепілі – дұрыс ұйқы. Сонымен қатар контрасты душ (жылы және суық сумен шайыну) пен хош иісті ванна қабылдаңыз. Бұл шаршағаныңызды басып, ойыңызды басқа нәрсеге бөледі. Сондай-ақ дене жаттығуын жасауды әдетке айналдырыңыз, күнделікті жейтін тамағыңыздың әр түрлі болуына мән беріңіз. Олардың психикаға қандай қатысы бар дерсіз. Бірақ осының бәрі сіздің менталды саулығыңыздың артуына ықпал етеді. Одан бөлек міндетті түрде уролог маманға тексеріліңіз.

Ал физиологиялық себепке жүрек ауруы, ми және жұлын жұмысының бұзылуы, қант диабеті, қалқанша безінің ауруы, түрлі дәрілердің әсері мен дұрыс емес өмір салтын (ішімдік, темекі, семіздік) жатқызуға болады. Сондықтан уролог маманға қаралу маңызды. Ол сіздің проблемаңыздың себебін нақты анықтап, қажетті ем-домды жазып береді. Бастысы дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыз.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button