Арнайы жобаҚыздар

Күнтізбе бойынша қауіпсіз күнді қалай анықтауға болады?

Жүктіліктен сақтанудың күнтізбелік әдісі

Сұрақ: Ауылдық жерде тұрамын. Әрине, біздің дәріханаларда да презерватив сатылады. Бірақ оны сатып алсаң бүкіл ауыл білетін болады. Ал жігітім бұл мәселеге кейде жауапкершілікпен қарамайды. Жүктіліктен қорғанудың басқа арзан қандай жолдары бар? Етеккір кезеңінде қауіпсіз күндер болады деп естідім. Сол туралы толығырақ айтып беріңізші.  

Жауап: Алдымен ұрықтану процесін қарапайым түсіндіріп өтейік. Қыздардың аналық жыныс бездерінде миллионға жуық ұрық жасушылары болады. Бірақ олардың барлығы дерлік жетіліп үлгермейді. Қыздардың алғашқы менструациясы басталғаннан бастап бір ұрық жасушысы пісіп жетіліп аналық безден шығады. Тұрақты цикл кезінде бұл процесс айына бір рет болады. Оның кезі шамамен келесі менструациядан 14 күн бұрын. Ұрық жасушасы 24 сағат өмір сүреді және осы уақытта ол сперматозоидпен кездессе, ұрықтанған жасуша жатыр түтігі арқылы өтіп жүктілік басталады. Егер сперматозоидпен кездеспесе, ұрық жасушасы ағзадан етеккірмен бірге шығып кетеді. Алайда әйел ағзасының өз ерекшеліктері болады. Кейде ұрық жасушасы 24 сағат емес, одан сәл ұзақ өмір сүруі мүмкін. Сондықтан да күнтізбенің қауіпсіз күндері жүктіліктен сақтанудың сенімді әдісі емес.  Дегенмен негізі қағидасы овуляцияның кезеңіне, яғни менструалды циклдің фертильді (жүкті болуға бейім) және инфертилді (жүкті болуға бейім емес) фазаларына сүйенеді.

Овуляция, яғни аналық ұрық жасушасының пісіп жетілу кезеңін қалай анықтауға болады?

Жүктіліктің ықтимал кезеңін ең ұзын циклден (етеккір келген күннен бастап келесі етеккір келгенге дейінгі кезең) 11 санын шегеріп білеміз. Мысалы соңғы 12 ай ішінде ең ұзақ цикл 30 күн болса, фертильді кезең циклдің 19 күніне сай келеді. Яғни жүктілік ықтималды кезең етеккір келген күннен бастап сегізінші күннен басталып, он тоғызыншы күні аяқталады. Демек қауіпсіз секс күндері етеккір келген күннен бастап 8 күнге дейін және 19-күннен кейін болмақ.

Есеп жүргізу үшін мына кестені қолдануға болады:

Сіздің ең қысқа цикліңіз (күн саны) Алғашқы фертильді (қауіпті) күн Сіздің ең ұзақ цикліңіз (күн саны) Соңғы фертильді (қауіпті) күн
21 3 21 10
22 4 22 11
23 5 23 12
24 6 24 13
25 7 25 14
26 8 26 15
27 9 27 16
28 10 28 17
29 11 29 18
30 12 30 19
31 13 31 20
32 14 32 21
33 15 33 22
34 16 34 23
35 17 35 24
21 3 21 10

Кестені қолдану үлгісі

Менструалды цикл 27-ден 33 күнге дейін делік. Кестенің алғашқы бағанынан 27 күнді тауып алғашқы қауіпті күнді табасыз (біздің мысалда етеккір келгеннен бастап тоғызыншы күн). Енді ең ұзақ циклді табамыз – бізде бұл 33 күн. Кестенің соңғы бағаны бойынша біздің ең қауіпті күннің соңы етеккірдің 22 күні. Сонымен етеккір басталған күннен 9-22 күндер аралығы қауіпті күндер болмақ. Бірақ бұл әдіс менструация циклі тұрақты емес қыз-келіншектерге жарамайды. Дегенмен қалалық, ауылдық жерде тұрсаңыз да, өз овуляция кезеңін біліп, менструация циклін бақылап тұрсаңыз зияны жоқ. Қазір смартфонға орнатып, өз цикліңізді қадағалап тұруға арналған қосымшалар көп `(Мысалы, Календарь месячных, My tracker, Менструальный календарь).

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button