Арнайы жобаЖігіттер

Простатит массажбен емделе ме?

Сұрақ: Простатитке шалдықтым. Простатитке массаж жасау қажет пе?

Жауап: Алдымен простатит туралы қысқаша айтып өтейін. Қуық асты безі (простата) еркектердің жыныс жүйесінің маңызды бөлігі. Ол сперматозоидтердің белсенділігі мен өміршеңдігін қамтамасыз ететін секретті бөледі. Секрет құрамында ферменттер, иммуноглобулиндер, лимон қышқылы, витаминдер, мырыш иондары болады. Қуық асты безінің қызметі бұзылған жағдайда еркектердің жыныстық функциясы да төмендейді. Қуық астыбезінің ең кең тараған дерті оның қабынуы, яғни простатит. Проститит 20-50 жастағы еркектерде кездеседі. Жас ұлғайған сайын ықтималдық та арта түседі. Простатит қазіргі уақытта емделеді. Неғұрлым жылдам анықталса, соғұрлым толық жазылу мүмкіндігі бар. Бастапқыда кезеңде амбулаториялық ем алуға болады. Ал асқынған түрі тек госпитализация арқылы емделеді.

Простатиттің бірнеше түрі бар:

Ауыр простатит – қуық асты бездері тіндеріндегі бактериалық инфекциясы нәтижесінде туындайтын қабынудың ауыр түрі. Біздің ағзамызда бактериялардың болуы микрофлорамызда болатын қалыпты құбылыс. Алайда қуық асты безіне түскенде бұл ауыр қабыну процессін тудырады. Көбінесе бұл гигиенаның қарапайым шарттарының орындалмауы және басқа да себептерден туындайды.

Созылмалы бактериялы простатит – қуық асты безінің қабынуымен келген емделушілердің үштен бірінде кездеседі. Простатиттің бұл формасы өте қауіпті. Себебі кейде емдемесе де ауыру белгілері өздігінен жоғалып кетеді. Алайда бұл жазылуды білдірмейді. Керісінше біраз уақыттан кейін ауру меңдеп, күшейеді. Осылайша әр асқыну сайын ауыру үдей түседі. Егер емдемей жүре берсе, простатада тас тұруы, іріңді ошақтардың пайда болуы, қуықтың қабынуы және онкологияға да әкелуі мүмкін.

Созылмалы простатит/жамбастың созылмалы ауыруы синдромы – кезінде анализ қабыну белгілерін көрсетпеуі мүмкін. Сондықтан простатиттің бұл формасының диагноистикасы қиындау. Жамбас аймағының үш айдан артық ауырып жүруімен айқындалады. Сонымен қатар неврологиялық және психоэмоционалды ауытқулар байқалуы мүмкін.

Асимптоматикалық созылмалы простатит – ешбір білгілерсіз өтеді. Простатиттің бұл түрін зәр талдауының нәтижесі бойынша анықтайды. Бұл кезде зәрде лейкоциттер мен бактериялардың концентрациясы өте жоғары болады.

Гранулематозды созылмалы простатит – әдетте қуық асты безінің сәулеленуі немесе басқа ауруларды медикаментозды емдеудің жағымсыз салдарынан туындайды. Бұл ауру кезінде қуық асты безінің тіндері біріктіретін тіндермен астасып кетеді де, бездер функциясы тоқтап қалады.

Простатит симптомдары:

Әрүтүрлі формадағы простатиттің ортақ белгілері болады:

– Қуық асты безінің қабынуы салдарынан несеп шығару каналы қысылып зәр шығару қиындайды. Зәр шығару кезінде ауырып, ашиды.

– Эрекция механизмі бұзылып, оргазм бәсеңдейді.

– Ұрық бөлу жылдамдайды.

– Потенция нашарлайды.

– Психикалық жайсыздық, алаңдау сезімі.

 

 Простатит себептері:

– жыныстық жолмен берілетін инфекциялар;

– жамбас аймағындағы органдардың қан айналымының бұзылуы (қимылсыз ұзақ отыратын жұмыс кезінде туындауы мүмкін);

-ұзақ уақыт жыныстық қатынасқа түспеу, үзілген акт немесе жыныстық актіні жасанды түрде ұзарту;

– иммунитеттің әлсіреуі;

– суық тию,

– стресс;

– гормоналды дисбаланс;

– витаминдер мен микроэлементтердің тапшылығы;

– жеке гигиенаны сақтамау.

Сұрақ қоюшы простатиттің қандай түріне шалдықты және оған қандай массаж ұсынылды, бұл жағы белгісіз болып тұр. Егер қазір жарнамаларда жиі айтылатын ректалды массаж болса, онда оның простатитке ешқандай қатысы жоқ. Өзіңіңіз елестетіп көріңізші, сіздің саусағыңыз іріңдеп ауырып тұр делік, ал сізге іріңді кетіру үшін массаж жасағысы келеді. Оның үстіне ректалды массаж тік ішекте жарықшақтардың пайда болуына, онда қабынуына, жаралануына  себепкер болуы мүмкін. Секрет ағынын жақсарту үшін қуық асты безіне ең тамаша массаж – табиғи қалыпты ұрық бөлу. Жыныстық қатынаспен айналысудың пайдасы массаждан артық. Әрине, простатит түріне байланысты дәрігер уролог тиісті препараттарды жазып береді. Оның ішінде микробқа қарсы, антибиотиктер, қабынуға қарсы, иммунитетті күшейтетін және анегльгетик препараттар болады.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button