Қыздар

Қынаптан шыққан жағымсыз иіс

Сұрақ: Қынаптан шығатын жағымсыз иістер неліктен пайда болады? Қалай кетіруге болады?

Жауап: Қынаптан шығатын жағымсыз иістерге себепкер факторлар көп, ең негізгілеріне тоқталайық.   Гинеколог қабылдауына жағымсыз иіске шағымданып келетіндердің арасында ең жиі кездесетін себеп – вагиналық дисбактериоз. Әйелдер қынабының қалыпты микрофлорасы пайдалы лактобактериялардан тұрады. Ал норма бұзылғанда патогенді (зиянды) бактериялар көбейеді. Нәтижесінде балық иісіне ұқсас жағымсыз иіс шығады. Бұл патогенді бактериялар тіршілігінің қалдықтарының иісі. Осылайша қынап микрофлорасы қышқылдық ортадан сілтілік ортаға қарай ойысады. Ал бұл зиянды бактериялардың дамуы үшін өте қолайлы орта. Қынап микрофлорасының нашарлауына гигиенаның сақталмауы, диетаның бұзылуы, ауа өткізбейтін синтетикалық ішкиім, сапасы нашар төсемелерді жиі қолдану түрткі болуы мүмкін. Жағымсыз иісті жасыру үшін парфюмериялық төсемелерді қолдану жағдайды одан сайын ушықтыра түсетінін ескеріңіз.

Келесі кең тараған себеп – кандидоз (молочница). Кандидоздың пайда болуына әсер ететін Candida текті зеңдер. Әдетте олар барлық әйелдің ағзасында болады, бірақ аз мөлшерде. Антибактериалды препараттар қабылдағанда, стресс, ағзаның әлсіреуі кезінде немесе жыныстық жолмен жұқтырғанда патогенді зең көлемі артып, кандидоз пайда болады. Қынаптан ірімшік тәріздес бөліністер шығып, қышып, мазаны алуы мүмкін, сонымен қоса жағымсыз иістер шығады.

Қынаптан жағымсыз иістің шығуына әкелетін тағы бір себеп – инфекциялар, жыныстық жолмен жұғатын аурулар немесе жатыр мойыны, қынаптың қабынуынан туындайтын кольпит, вагинит сияқты аурулар. Сонымен қоса жасыл түсі бөліністер мен жағымсыз иіс қоса байқалса, бұл қатерлі ісік белгілері де болуы мүмкін. Кез келген жағдайда гинекологқа қаралып, анализдер тапсырып тиісті ем алған жөн. Жағымсыз иіс бұл симптом ғана. Сондықтан ауру белгілерімен емес, себебімен күресу керек.

Back to top button