Арнайы жобаҚыздар

Қыздық пердені тексеру мүмкін бе?

Бұл материалды сұрақсыз беруді жөн көрдік. Редакция поштасына, әлеуметтік желідегі дайректке қыздардың жыныс мүшелерінің түсірілген суреті жиі келеді. Түсінеміз, оқырмандарымызды қыздық перденің зақымдалу-зақымдалмауы қатты алаңдатады. Сондықтан бұл материалда қыздық перденің құрылымын түсіндіруді жөн санадық.

⠀⠀
Әдетте қыздық перде (гимен) бұл қынапты жағалай орналасқан, ортасында тесігі бар, пішіні сақина тәріздес болып келетін жұқа созылмалы үлдір түріндегі шырышты өскін. Оның формасы әртүрлі болуы мүмкін: қынаптың бергі немесе ар жағындағы қабырғасында орналасқан ай тәріздес пішінді үлдір, торлы үлдір және т.б. Материалға ұсынылған суретте түрлерін байқауға болады.


Қыздық перде мүлдем қалқанға ұқсамайды. Түрі де, функциясы да. Гинекологтар тәжірибесінде тіпті ортасында тесігі жоқ перделер сирек болса да кездеседі. Бұл жағдайда хирургиялық емдеу қажет етіледі. Алғашқы жыныстық қатынаста міндетті түрде ауырады, қан болады деген миф туралы видеоларымызда да айтқан болатынбыз. Ал кей жағдайларда бірінші, екінші, үшінші жыныстық қатынаста да қан болуы мүмкін. Кейде қыздық перде жыртылмай тек созылуы мүмкін. Ал кей әйелдерде қыздық пердесі босанғанда түсіп жатады. Барлығы әрбір қыздың жеке физиологиясына байланысты.

Поштаға келетін хаттардың арасында «сүрініп қалып едім, қатты затқа соғылып іш киімімде аздаған қан белгілерін байқадым» дейтіндер де бар. Сыртқы травмадан, сүрініп-жығылудан қыздық перде зақымдалмайды. Ол қынаптың ішкі жағында 5-7 см тереңірек орналасқан. Тампон қолданудан да қыздық перде зақымдалмайды (қолдану нұсқаулығына сай пайдаланса).

Қыздық пердесінің зақымдалған немесе зақымдалмағанын қыздар да, жігіттер де сұрап, суреттерін жібереді. Осы оқырмандарымызға мен де сауал қойғым келеді:

– Қыздар, қыздығыңыздан айырылған немесе айырылмағаныңызды шынымен білмейсіз бе? (Меніңше бұл айқын дүние, жыныстық қатынасқа түскенде қыздықтан айырылады. Маструбация қыздық пердені зақымдамайды)

– Жігіттер, қыздардың жыныс мүшелерінің суретін жіберіп, сенімсіздік танытатын болсаңыз, онда ары қарай қандай да бір қарым-қатынас құрудың қандай мағынасы бар?

– Сізге сенімсіздік білдіретін адаммен кездесудің, болашағыңызды байланыстырудың не қажеті бар? (Жекеге қыздық перденің бұзылмағанын растауды өтініп жазатын қыздарға айтарым, сізден мұны талап еткен адамның сенімсіздігі болашақта бұдан да күрделі проблемаларға әкелуі мүмкін).

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button