Арнайы жобаЖігіттер

Варикоцеле деген қандай ауру?

Сұрақ: Варикоцеле туралы айтып берсеңіз?

Жауап: Варикоцелеге қатысты сұрақтар редакция поштасына бірнеше рет келген болатын. Сондықтан бұл ауру туралы толығырақ айтуға тырысайын. Варикоцеле дегеніміз – шәует бау тамырларының кеңеюі, ұмадағы (аталық бездер) ұлғайған тамырлардың жиналуы. Ол бір ұма және екі ұма айналасында да байқалуы мүмкін. Еркектердің жыныстық жүйесінің кең тараған проблемасы барлық жас аралығындағы ер адамдарда кездеседі, бірақ көбінесе жасөспірімдерде байқалады. Варикоцеле еркектердің белсіздігінің тікелей себепкері болуы мүмкін.

Варикоцеле себептері

Аурудың туындауына енектің тамырларының өріміне байланысты тамырдағы қысымның жоғарылауы себеп болады. Әдетте тамыр өрімі сол жақтан туындап, қысады. Бұл тамырлардың анатомиясына байланысты. Сонымен қатар физикалық ауыртпалықтар, ал егде жаста бүйректің қатерлі ісігі кезінде, тромбоз, флебит, бүйректің веналық гипертензиясы, ісіктер кезінде туындауы мүмкін.

Варикоцеле симптомдары

Еркектердің басым бөлігінде варикоцеле ешбір симптомсыз жүреді. Бірақ варикоцеленің өзіне тән белгілері бар: шапта немесе аталық безде, енектің біреуінде немесе екеуінде шоғырланған шаншу сезімі туындайды, сол жақ ұма (аталық без) ұлғаяды немесе салбырайды (сырт көзге анық байқалады), жыныстық акті, спортпен шұғылдану, физикалық жүктеме, жүру кезінде ауыру үдей түседі.

Варикоцеле диагностикасы

Дәрігердің қарауы кезінде диагнозды анықтау қиын емес. Әдетте пальпация, функционалды сынама, УДЗ (жатқан және тұрған қалыпта), флебография, доплер сканері сияқты дәстүрлі әдістерді қолданады. Ал бедеудлікті анықтау үшін эякулят зерттеуі жүргізіледі, спермограмма, қандағы жыныстық гормондар деңгейі анықталады.

Варикоцелені емдеу

Варикоцелені емдеудің консервативті және операциялық әдістері бар. Консервативті емдеу дегеніміз: физикалық белсенділікті шектеу, атқа мінуді шектеу, спорттың белсенді түрленімен айналысуды тоқтату, суспензорий тағу. Ең тиімдісі хирургиялық жолмен емдеу – Иваниссевич операциясы, яғни ішкі шап сақинасы деңгейінде немесе одан сәл жоғары енек тамырын байлап тастау, варикоцелені лазермен емдеу жүргізіледі. Аурудың бастапқы кезеңінде емдеу үшін Детралекс, Эксузан сияқты венопротекторлар қолданылады.

Варикоцеленің алдын алу

Шәует бау тамырларының кеңеюіне жол бермеу үшін витамин препараттарын қабылдау, жамбас аймағында іркіліс процесстеріне жол бермеу, үлкен дәретке тұрақты түрде бару, алкоголь ішпеу, тұрақты түрде жыныстық қатынас жасау, ағзаға физикалық күш түсірмеу, ауыр нәрсені көп көтермеу қажет.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button