Жігіттер

Жыныстық мүшені ұлғайту

Сұрақ: Жыныстық мүшемді қалай ұлғайтуға болады?

Жауап: Еркектің жыныс мүшесінің ұзындығы оның конструкциясына және тек ерекшеліктеріне байланысты болады. Сирек жағдайларда пенистің қысқалығы гормоналды ауытқуға немесе туа бітті аномилияларға байланысты болады. Алдымен пенистің мөлшерлеріне тоқталайық. Тыныштық күйде 9,16, қозған кезде 13,12 см пенис орта есеппен қалыпты мөлшер болып саналады. Сонымен қатар тек ұзындығы ғана емес, диаметрі де маңызды.

Қазіргі жағдайда еркектің жыныс мүшесі мөлшерін өзгертудің (ұзарту, қысқарту) ең тиімді жолы — хирургиялық операциялар. Осы операциялардың бірнеше түріне тоқталайық.

  • Лигаментотомия — жыныстық мүшені ұзартатын процедура. Бұл әдіс ең қауіпсіз әрі тиімді саналады. Дегенмен эрекциялық дисфункциясы бар адамдарға жасалмайды. Лигаментотомия мәні мынада: жыныстық мүше түбіндегі сіңірді тілу (ligamentum suspensorium penis – пенистің ілінбелі сіңірі, tomia – тілу сөздерінен туындаған термин). Операция жыныстық мүшені 1-2 см ұзартуға, ал ары қарай арнайы ортопедиялық құрылғыны (эспандерді) тағып жүрсе, 4-6 см ұзартуға мүмкіндік береді. Орташа алғанда аппаратты қолданғанда айына 0,4–0,8 см үзарып отырады. Операция күрделі, алайда пациенттер тез қалпына келеді. Жыныстық қатынасты операциядан соң шамамен 10 күннен кейін бастауға болады.
  • Липофилинг — пенисті жуандатуға арналған процедура. Бұл операция барысында пациенттің май тіндерін жыныстық орган терісінің астына енгізеді. Операция көмегімен пенистің диаметрін 1 см ұлғайтуға болады. Алайда қалпына келу уақыты сәл ұзақтау әрі эффект уақытша ғана.
  • Бұлшықет тінін трансплантациялау — күрделі хирургиялық манипуляция мақсаты пенистің диаметрін ұлғайту. Трансплантация үшін шап немесе шандырдан тін алып, жыныстық органға салады, ұсақ тамырларды тігеді. Нәтижесінде жыныс мүшесінің жуандығы 3-4 см қалыңдайды.
  • Фаллопротездеу тек ерекше жағдайларда жасалады, негізінен бұл процедура пенис мөлшері кіші болғанда емес, оның дисфункциясы кезінде ұсынылады. Протез үшін созылымды материал немесе шеміршек қолданылады.

Соңғы кезде косметологияда кең таралған гилаурон қышқылын жыныстық мүше аугментациясы үшін де пайдаланады. Мүшені толтыратын филерлер құрамында гилаурон қышқылы болады. Жалпы гилаурон қышқылы адамның шеміршегінде, шырышты қабатында да кездеседі. Сондықтан гилаурон қышқылынан тұратын зат эрекцияға әсер етпейді, ағзаның қабылдамай қою қауіпі де төмен. Инъекциялар мүшені 3 см дейін ұзартуы мүмкін. Алайда бұл процедураның әсері де уақытша екенін ескерту керек.

Жыныстық мүшені ұзартуға бағытталған процедураның қай қайсы болмасын күрделі, жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Ал жаға салып ғажайып эффект беретін кремдер, майлар, таблеткалар тек еркектердің комплексінен ақша табуға арналған маркетинг қана. Ондай жалған жарнамаға алданбаңыз.

Back to top button