Арнайы жобаҚыздар

Жыныстық қатынас кезінде неге ауырады?

Сұрақ: Жыныстық қатынас кезінде ауырады. Алғашқы жыныстық қатынас кезінде солай болуы керек деп ойладым. Бірақ бір жылдай болып қалды. Әлі ауырады. Жыныстық қатынасқа түскім келмейді. Секс туралы айтыла бастаса көңіл-күйім түседі. Бірақ еркісіз төзуге мәжбүрмін.  

Жауап: Біріншіден жыныстық қатынас ешқашан мәжбүрлі түрде болмауы тиіс. Мұны әр адам есте ұстауы тиіс.

Әйелдерде жыныстық акті кезінде ауырсыну сезімдері бірқатар факторларға байланысты болуы мүмкін.

Дефлорация. Басты себебі – үрей. Үрей бүкіл бұлшық еттің, соның ішінде қынаптағы бұлшықеттің жиырылуына әкеледі. Кейде қыздық перде қалың әрі жүйке талшықтары көп болатын жағдайлар кездеседі. Алғашқы жыныстық қатынас кезінде ол жыртылмайды, тек созылады (мұндай жағдайда қан ақпайды). Келесі қатынастар кезінде негізінен ауырсыну сезімдері үрейден туындап отырады.

Вагинизм. Егер жыныстық қатынас сәтсіз өтсе, санада сол әсер сақталып қалуы мүмкін. Секс тақалғанда санадағы травма қайта жанданып, бұлшықеттер спазматикалық ауруды сезінеді. Вагинизммен әйел өз бетімен күресе алмаса, психолог және сексолог көмегіне жүгінген жөн. Жас қыздарға алғашқы секске психологиялық та, физиологиялық тұрғыда да дайын болғанда ғана бару керек дегенді үнемі айтамын. Себебі алғашқы секс кезінде алынған травма ұзаққа қалып қоюы да мүмкін.

Спайка. Ішектің немесе аналық без қосалқысының қабынуы нәтижесінде болатын жағдай. Спайка көптеген әйелдерде симптомсыз жүруі мүмкін. Ол көбіне ыңғайсыздық тудырмайды, ешбір белгісі байқалмайды. Тек гинеколог креслосында анықталуы мүмкін. Мұндайда ыңғайлы поза табу керек немесе созылмалы қабыну процесін емдету керек. Кейде физио емдеу де нәтижесін беріп жатады.

Қабыну. Егер жағымсыз әсер жыныстық қатынас кезінде туындап, ауырсыну, ашу, құрғақтық, тітіркену сезімдері туындаса сізде қабыну процесі басталғанын білдіреді. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралып, инфекцияға тексерілуі керек. Бұл кезде жыныстық қатынасты уақытша тоқтатып, секс бола қалған жағдайда презервативпен қорғанған жөн.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button