Арнайы жобаЖігіттер

Кандидозды вульвовагинит жұқпалы ма?

Сұрақ: бірге пәтер жалдап тұратын құрбы қызым жақында мазасы кетіп гинекологқа қаралды. Кандидозный вульвовагинит, молочница депті. Ол жұқпалы ма? Төсек, орамал, ванна арқылы жұғуы мүмкін бе? Ол қыздың жеңіл жүрісі үшін енді пәтер ауыстыруым керек пе?

Жауап: Жоқ. Кандидозды вульвовагинит (молочница) жыныстық жолмен берілетін инфекция емес. Кандидоз тұрмыстық жолмен де жұқпайды. Кандидозды тудыратын Candida зеңі. Ол барлық дерлік адамның ағзасында болады. Бұл зең ішектің, ауыз қуысының, шырышты қабаттың қалыпты микрофлорасында да кездеседі. Барлығы сіздің организміңіз бен иммунитетіңізге байланысты. Ағзаның қорғаныс қабілеті (иммунитеті) төмендегенде микрофлораның қалыпты «тұрғындары» кенет жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсе бастайды. Ал пайдалы бактериялар, яғни лактобактериялар азая бастайды. Бұл жағдай вагинитттерге, кольпиттерге және тағы басқа ауруларға әкеле бастайды. Кандидоздың туындау ықтималдығын арттыратын факторлар:

  • жүктілік;
  • антибиотиктерді, глюкокортикоидтарды, гормоналды контрацептивтерді, цитостатиктерді және т.б. препараттарды қабылдау;
  • жатыр ішілік спиральдерді, қалпақшалар, диафрагмаларды орнату;
  • гормоналды ауытқулар (қант диабеті);
  • гипо және авитаминоз, дұрыс тамақтанбау (тәттіні көп жеу, семіру);
  • жеке гигиенаның сақталмауы (күнделікті төсемелер, синтетикалық іш киімдер, тар іш киім, тазалықтың сақталмауы).

Кандидозды вульвовагинит симптомдары:

  • қынап ішінің қышуы, ашуы және жайсыздық;
  • ірімшік тектес ақ немесе түссіз бөліністер, айран тәрізді аппақ бөліністер, кейінірек сарғыш түсті болуы мүмкін;
  • зәр шығару кезіндегі жағымсыз сезім, ашып ауыруы.

Кандидозды вулвовагинит диагностикасы (қалай анықталады):

  • антимикотиктерге сезімталдықты анықтап, зеңдерге бактериалды дақыл алу (бакпосев);
  • тазалық деңгейіне жақпа алу;
  • типін анықтап зеңдерге ПЦР.

Кандиодозды өз бетімен емдеуге болмайды. Міндетті түрде дәрігердің тағайындауы керек. Емдеу схемасы пациент жағдайына байланысты. Крем, мазьдер болмашы симптоматика кезінде ұсынылады. Олар жергілікті түрде әсер етеді, жылдам сіңеді. Свеча, суппозиторийлер жағымсыз симптоматиканы жояды, зеңдер жиналған жерге әсер етеді, зеңдердің көбеюін тоқтатады. Таблеткаларды үйлестірілген схема кезінде береді. Кандидозды антибиотиктермен емдеуге болмайды. Сүт қышқылы бар препараттарды тек зеңге қарсы препараттардан соң тағайындау керек. Әйтпесе бұл зеңдерді одан сайын өршітіп жібереді. Кандидозды емдеу тек дәрігер қарауымен, кеңесімен жүргізілуі тиіс.

Сұраққа келетін болсақ, кандидоз тұрмыстық заттар арқылы жұқпайды. Әрине, сіздің өз денсаулығыңыз жайлы алаңдауыңыз түсінікті. Себебі кейбір жыныстық инфекциялар тұрмыстық жолмен де таралуы мүмкін. Дегенмен құрбыңызды бекерге жазғырмаңыз. Кез келген гинеколог пациенттеріне инфекцияның таралу жолдары, жақындарына таратпауы үшін профилактикалық шараларды айтуы тиіс. Гинекологқа қаралу, жыныстық аурулар адамның жеңіл жүрісті екенін білдірмейді. Сондықтан пәтер ауыстыруға, құрбыңызбен қарым-қатынасыңызды бұзуға себеп жоқ.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Ілмектер
Close