Арнайы жобаЖігіттерҚыздар

Сексті қаламайтынымды қалай білдіруіме болады?

Сұрақ: Бір жігітпен жүргенімізге бірнеше ай болды. Секс болды. Бірақ мен қалаған жоқпын, әрі ұнаған жоқ. Шынымды айтсам болашақта бірге болғым келе ме жоқ па әлі білмеймін. Ал ол әр кездескен сайын сексті қалайтынын айтып қоймайды. Оны ренжітпей, бірақ түсінікті түрде қаламайтынымды қалай айтуға болады?

Жауап: Психологиялық тұрғыда адам өзінің сексуалды шекарасын бекітуі керек. Бір рет келіссеңіз, бұл үнемі келісетініңізді білдірмейді. Егер оның сезімі шынайы болса, ол сізді сыйласа, сізді бағаласа сіздің «жоқ» деген жауабыңызға құрметпен қарауы тиіс. Ал кері жағдайда ондай адаммен қандай да бір салиқалы қарым-қатынас құрамын деу бекершілік. Сізге сексуалды қарым-қатынастың 10 ережесін айтуды жөн көріп отырмын.

  1. Егер сексті қаламайтын болсаңыз, ашық айтыңыз. «Жоқ» деген жауап әрқашан «жоқ» деп түсінілуі тиіс. Бұл оның еркектің қасиетін ешқандай кемсітпейді. Адам сексті қаласа «мен сені қалаймын», «секске қарсы емеспін» деген сөздермен білдіреді. Кездесуге келу, қысқа киім кию, алқызыл далап жағу, өзін еркін ұстау сексті қалауды білдірмейді.
  2. Сексуалды шекараны айқын білдір. Егер секске дайын болмасаң, тек петтингті немесе аймаласуға ғана дайын болсаң мұны ескерт. Бұл шекарадан аттау оған да жауапкершілік жүктейді.
  3. Презервативсіз секске келіспе. Бұл жастар үшін ең қолжетімді әрі тиімді контрацепция құралы.
  4. Секстен кез келген кезеңде бас тартуыңа болады. Тіпті ең соңғы сәтте бас тартсаң ол да мұны қабылдауы керек. Бұл қалыпты жағдай. Мұндай әрекет сенің мінезіңнің, көзқарасыңның нашар екенін білдірмейді. Қайта сенің бұл мәселеге үстірт қарамайтыныңды көрсетеді.
  5. Ешқашан алкоголь, есірткілік заттар әсерімен жыныстық қатынасқа келіспе. Бұл ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін.
  6. Секс бұл ең алдымен ләззат алу емес, жауапкершілік. Қандай да бір салдары болса, оның жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін нақтыла.
  7. Адамның жыныстық сау немесе ауру екенін түріне қарап біле алмайсың. Тіпті оның өзі өзінің ауру жұқтырушы екенін білмеуі де мүмкін.
  8. Секс сезім немесе мықты қарым-қатынастың кепілі емес. Секс ешкімді «ұстап» қалудың амалы болмауы тиіс. Жыныстық қатынасқа өз еркіңмен барғандықтан, егер жұптарың жараспай қалса, сенің алдыңда ол даешқандай міндеттілік көтермейді.
  9. Егер секске әлі дайын болмасаң, ойлануға уақыт ал. Бұл жарты жыл немесе бірнеше жыл болуы мүмкін. Адам секске физиологиялық тұрғыда ғана емес, психологиялық тұрғыда да дайын болуы тиіс.
  10. Фильмдерға, романдарға еліктеудің қажеті жоқ. Ол шынайы өмірден әлдеқайда алшақ. Ондағы сюжеттер оқырман, көрермендерді тарту үшін құрылады.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

 

Ілмектер
Close