Арнайы жобаЖігіттер

Урологқа қашаннан бастап қаралу керек?

Сұрақ: Сайтта қыздардың гинекологқа баруы туралы жасасыздар. Жігіттер урологқа қашаннан және қаншалық баруы керек?

Жауап: Бала дүниеге келген соң педиаторлар нәрестенің жыныстық мүшелерін қарап тексереді. Бұл патологияларды анықтау үшін керек. Тексеру әдетте бір, алты, сегіз айлық кездежәне 1 жасқа толғанда жүргізіледі. Дәрігер аталық бездердің дұрыс орналасуын, жыныс мүшелерінің дұрыс дамуын тексереді. Үш жаста педиатор немесе балалар урологы аталық без қосалқысында өсінділердің, су жиналып қалмауын тексереді.

Жасөспірімдерді 12-14 жасында уролог маман тексергені жөн. Бұл кезде еркектердің урологиялық ауруларын ертерек анықтауға немесе алдын алуға болады. 12-13 жастан бастап ер балалардың жыныс мүшесі белсенді дами бастайды. Осы кезден бастап жылына бір рет уролог маманда профилактикалық текскеруден өтіп тұрған жөн. Егер тестостерон көрсеткіштері төмендесе немесе сперматозоидтер өнімі нашар болса, дәрігер гипогонадизм немесе жыныстық жетілудің кешеуілдеуі диагнозын қояды. Сонымен қатар варикоцеле сияқты сырқаттарды осындай тексерістер кезінде алдын ала анықтауға болады. Жас мөлшеріне тәуелсіз, варикоцелені дер кезінде анықтап, емдеген жөн. Кері жағдайда ол белсіздікке әкелуі мүмкін.

Бедеулік диагнозы паротиттың асқынуы нәтижесінде де қойылуы мүмкін. Бұл ауру дамығанда аталық бездер зақымдалады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін көпкомпонентті екпе жасау ұсынылады.

Жыныстық өмірге аяқ басқан шақта урологқа тұрақты түрде қаралып тұрған жөн (кемі жылына 1 рет). Себебі кейбір жыныстық қатынас арқылы таралатын инфекциялық және өзге де аурулар ешбір симптомсыз дамуы мүмкін. Тәжірибелі уролог мұндай аурулардың белгілерін байқап, дер кезінде көмек береді.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

 

Back to top button