Арнайы жобаЖалпыҚыздар

Секстинг немесе интернет интим қауіпі

Сұрақ: Бір жігітпен ВКда таныстық. Хат арқылы араласып жүргенімізге 1 жылдай боп қалды. Басында жәй араласып жүр едік. Сосын күнделікті ватсап арқылы хабарласатын болдық. Кейде телефонмен сөйлесеміз. Соңғы кездері ватсаптағы видеомен секс туралы сөйлесетін болдық. Жігітім басқа қалада тұрады. Ол видеодан жалаңаш денемді көргісі келеді. Бірінші рет келіскем, қазір олай сөйлескен ұнамайды. Үйде шешініп отырып сөйлесетін жаңдай да жоқ. Ол оған көнбейді. Видеоға шықпасаң жіберген суреттеріңді шығарам дейді. Негізі ол жаман жігіт емес, бірақ суреттерім шынымен бір жаққа шығып кете ме деп қорқам. Қалай түсіндірсем екен оған?

Жауап:  Әлбетте, секстинг қашықтықтан махаббат отын сөндірмеу амалдарының бірі. Алайда ол үшін бұрыннан жақсы  араласқан, сіздің қауіпсіздігіңізді, ар-абыройыңызды жоғары қоятын адам болғаны жөн. Жігітіңіз сізді шынымен бағалайтын, құрметтейтін болса, мұндай қатынасқа қыстамайды. Осыны сабырмен айтуға тырысыңыз.

Біріншіден интернет арқылы интимді суреттер жолдау қауіпсіздігіне тоқталайық. Тіпті ол жақсы жігіт, сенімді адам болғанның өзінде сіздің суреттеріңіздің үшінші тарапқа кетпеуіне кепілдік жоқ. Егер ол адам телефонын жоғалтып алса, немесе галереясын өзге адам көріп қойса, файлдар алмасу кезінде аңдаусызда суреттерді басқа бір адресатқа жолдап жіберсе, немесе оның әлеуметтік желісі не электронды поштасын өзге біреулер бұзса, онда сіздің суреттеріңіз интернетте таралып кетуі әбден мүмкін. Интимді сурет жібермес бұрын бұл туралы жақсылап ойланыңыз.

Екіншіден, интимді қатынас (онлайн немесе реал өмірде болсын) екі адамның өз еркімен, қалауымен жасалатын дүние. Ешкім сізді мәжбүрлеуге құқылы емес, манипуляция немесе қоқан-лоққы арқылы көндіре алмайды. Мұндай әрекет үшін заң бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер интернет арқылы сізге шантаж, қысым немесе мәжбүрлеу әрекеттері жасалса, сіз өзіңіз тұратын ІІБне барып арыздана аласыз. Қазіргі уақытта әрбір полиция департаментінде жоғары технологиялар саласындағы қылмыстарды ашуға бағытталған киберқылмыспен күрес бөлімдері бар.

Егер сізден кімде кім қаламайтын әрекеттерді талап ететін болса, сізді бопсалап, қоқан-лоққы көрсететін болса, ал сіз полицияға хабарласқыңыз келмесе, алдымен ол адамды блоктауға тырысыңыз. Бұл нәтиже бермесе аккаунтыңызды уақытша деактивациялауға немесе толық өшіруге, телефон номеріңізді өзгертуге тура келуі мүмкін. Бірақ еш жағдайда манипулятордың айтқанына көнуге, сұрағанын беруге болмайды. Себебі бұл сізді одан сайын тәуелділікке апарады.

Бұл материал «MediaCAMP Орталық Азиялық» медиабағдарламасы шеңберінде Қазақстандағы Internews қолдауымен әзірленді

Back to top button